|
Аудан әкімі Т.Мүсәпірбековтың «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясындағы кіріспе сөзі Құрметті қауым! Ел Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облысымызда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүр, өнер мен мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған игілікті шаралардың өткізіліп келе жатқаны өздеріңізге белгілі. Таяуда өткен түбі бір түркі халықтары ынтымақтастығының бастауы болған «Алтай–түрік әлемінің алтын бесігі» атты тұңғыш халықаралық форумы мен «Шығыс шынары – 2011» атты ІІ халықаралық жыр мүшәйрасы сынды жарқын бастамалар осының айғағы. Алтай ежелден өркениет орталығы, Еуразия құрлығындағы түркі халықтарының атамекені болса, Шыңғыстау-ұлылардың алтын бесігі,қазақ әдебиетінің туы көтерілген жер. Абай ауданы - әдебиетіміздің атасы,қазақтың бас ақыны,ұлы Абай туған киелі мекен. Бүгінде қазақ десе, әлем жұртшылығы алдымен аузына Абайды алады.Абай мен қазақ егіз ұғым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бейнелей айтқандай: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз». Қазақ поэзиясының Абайдан кейінгі дәуірінде Абай шығармашылығы әсер етпеген ақын кемде-кем. Абайдың ақындық мектебі қалыптасты. Биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында ұлы Абайдың ақын-шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Ақылбай Абайұлының туғанына 150 жыл, абыз ақын Шәкір Әбеновке 110 жыл толып отыр. Осыған орай, бүгін республикаға белгілі ғалымдардың қатысуымен «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны қалада өткізуге де болар еді. Алайда, конференцияны ақынның туған жерінде, кемеңгердің ізі қалған, шығармаларына шабыт берген, мүрдесі жатқан ортада өткізу арқылы біз ұлы Абайдың рухына жақындаймыз. Халқымыздың біртуар перзенті данышпан Абайға бас иіп, құрмет көрсету, тағзым ету - баршамыздың парызымыз. Мұндай ауқымды, ұрпаққа ұлағат болатын ғылыми-танымдық шараның ақынның өлмейтұғын сөзі өмірге келгенкиелі жерде өтуі-ауданның рухани өміріне, тыныс-тіршілігіне тың серпін, жаңа өрлеу беретіні сөзсіз. «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер ! |